Приветствую Вас, Гость 17.08.2017, 12:39
Главная » Статьи » Мои статьи

Жасампаз жылдар

Биыл Тәуелсiздiкке 20 жыл толады. Тәуелсiздiк – ең қымбат ұғым. Тәуелсiздiк мейрамы жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерi мен ұлтын, тiлiн сүйген есiл азаматтардың аруағы бiр аунап түсетiн қасиеттi күн. Бұл ұлық мейрам әр қазақтың жүрегiне патриоттық рухтың дәнiн себуi тиiс. Тәуелсіздік – ең алдымен, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері мен барша Қазақстан жұртшылығының арман- мұратының салтанат құруы. Жалпы, сан түрлі кедергілер мен ауыр сындарға қарамастан, ел тәуелсіздігінің әрбір қадамы біздің жүрегімізді айрықша толғанысқа бөлейді. Осынау шынайы сезімді өзінің туған Отанының патриоты мен оның еркін де азат азаматы ғана сезіне алады. Қазақстан үшін жиырма бірінші ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы. Ең бастысы, Мемлекет басшысы нақтылаған “Қазақстан- 2030” стратегиясының мақсаттары мен міндеттері ойдағыдай жүзеге асуда. Ата Заңымыздың арқасында еліміз демократиялық даму жолына түсті. Сонымен қатар, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық салтанат құруда.

Жиырма жыл ішінде мемлекетімізді құру жолында көп игі іс тындырылды. 1991 жылы 16 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесінде “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы” Заң салтанатты түрде қабылданды.

1992 жылы 4 маусымда егемен еліміздің Мемлекеттік Елтаңбасы мен Туы қабылданды.

1992 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранының мәтіні бекітілді.

1993 жылы 13 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің ұлттық валюта – теңгені енгізу туралы шешімі жөнінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы мен Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысы шықты.

1994 жылдың 30 маусымында құрамында қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев бар ғарыш кемесі ұшты.

1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.

1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы қабылданды.

1998 жылы 6 мамырда Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы - Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді.

1999 жылы 10 қаңтарда Бүкілхалықтық баламалы сайлау қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.

2000 жыл Президент Жарлығымен Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды.

2001 жылы 22 қыркүйекте Рим Папасы ІІ-Иоанн Павелдің Қазақстанға мемлекеттік сапары басталды. Папаны Н.Назарбаев қабылдады.

2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер съезі өтті.

2007 жыл Мемлекеттік тіл жылы болып жарияланды.

2010 жылы Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті өтті.

2011 жылы 7-ші қысқы Азия ойындары Астана мен Алматы қалаларында өтті.

1991 жылдың желтоқсанында жарияланған мемлекеттік тәуелсіздік, оны нығайту жолындағы ізденістер рухани өмірге бұрын-сонды болмаған өзгерістер әкелді. Қазақстан өзінің мәдени күш-қуатын жалпы адамзаттық құндылықтарды қабылдаумен қатар, бұрынғының мұраларын танып-білумен үстемеледі. Алаш зиялыларының шығармашылық және ғылыми мұралары кітап сөрелеріне шығарылды, дін және діни мәдениет төңірегіндегі теріс насихат әшкереленді, ұлттық салт-дәстүрлер жаңғырды, тарихтағы ақтандақтар зерделенді, батыр-бабалар аруағы еске алынды. Демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет құру үшін әлемдік рухани үрдістерден тыс тұруға болмайтынын дер шағында ұғынған қазақ қоғамы, халықаралық мәдени интеграцияға батыл қадамдар жасауға да кірісті. Бұл орайда 1994 жылы Елбасымыз Н.Назарбаев ұсынған Еуразиялық одақ идеясының орны бөлек. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі туралы шешімнің қабылдануы еліміздің биік халықаралық мәртебесін айғақтайды.

Тәуелсіздік арқасында рухани қайта түлеу әлемдік мәдени үрдістерге әсем реңк бере алды. Алыс- жақын шетелдіктер ЮНЕСКО шешіміне ұйып, Абай, Махамбет, Қаныш, Марғұланды жаңа қырынан таныды, атақтары жер жарған сахналарына, ғылыми зертханаларына, жоғары оқу орындарына қазақ зияларына жасқанбай кіріп, лайықты орын тепті.

«Мәдени мұра» бағдарламаның тарих пен мәдениеттің маңызды ескерткіштері қайта жаңғыртылды, ежелгі және орта ғасырлық археологиялық кенттер мен қоныстарды ғылыми зерттеу, тұмшалау, абаттандыру, мұражайға айналдыру және туристік мақсатта пайдалану жөнінде жұмыстар жүргізілді.

Өз Отаныңнын, өз еліңнің патриоты болғанға не жетсін! Кең-байтақ дала — атажұрт бабаларымыздың көздің қарашығындай сақтап, найзаның ұшы, білектің күшімен қорғағанының арқасында бізге жетіп отыр. Ендеше, осындай алып еліңді сүйіп өту – кімге де болсын парыз әрі қасиетті міндет. Отанды сүю оның әрбір тасын сүюден басталады.

Көптеген ғасырлар бойы ел басқарған дана басшыларымыз, қолбасшы батырларымыз кең-байтақ жерімізді сырттан төнген қауіптен қорғады.

Бүгінгі өз келешегіне бет алған тәуелсіз Қазақстан – бұл біздің ортақ жетістігіміз, бұл біздің ортақ мақтанышымыз! Әрдайым шығар тауымыз биік болсын, алдымыздағы қасиетті ұлы мереке – Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық торқалы тойына жарқын жүзбен, көтеріңкі көңілмен жетейік.

Категория: Мои статьи | Добавил: Museum_Pavlodar (28.02.2011)
Просмотров: 718 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 2
2  
ҚР мемлееттік демократиялық дамуы жолында

1  
ҚР мемлееттік демократиялық дамуы

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Copyright by SW, Бесплатный хостинг uCoz